Қазақстандағы әуе қатынасы қызметінің бағасы 18%-ға қымбаттады

Қазақстандағы әуе қатынасы қызметінің бағасы 18%-ға қымбаттады
Сурет: Flylowcost.kz

Сонымен қатар Қазақстанның әуе тасымалы мен логистика саласы өзгерістерге дайындалуда.

Украинадағы жағдай мен әлемдік қауымдастықтың Ресейге қарсы санкциялары аясында Қазақстанның әуе тасымалы және логистика саласында өзгерістер болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Сонымен, орын алған қақтығыс кесірінен әуе кеңістігінің жабылуына байланысты әуе ағынының бір бөлігі Қара теңіз аймағынан Қазақстан аумағына қайта бағытталды, деп хабарлады ҚР индустрия министрлігі.

Бір күннің ішінде еліміздің әуе кеңістігі арқылы жоспардан тыс 257 рейс қатынады. Оңтүстік бағыт бойынша Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға рейстер санының артуы Қазақстан үшін айына 1,5 миллион доллар қосымша табыс әкеледі.

Қазақстан Республикасының аэронавигациялық жүйесінің сыйымдылығы қосымша әуе қозғалысын шектеусіз қабылдауға мүмкіндік береді, деп атап өтті министрлік.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың ақпан айының қортындысы бойынша, Қазақстан Республикасында әуедегі жолаушылар тасымалы қызметтерінің бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға қымбаттаған.

Еліміздің көптеген аймақтары үшін бұл сектордағы бағаның өсуі өте маңызды болды. Айтарлықтай қымбатшылық Шығыс Қазақстан облысында байқалды, мұнда баға бір жылда 45,7%-ға өсті. Баға қымбаттау бойынша көшбасшылар үштігіне Маңғыстау (43,2%) және Түркістан (34,8%) облыстары да кірді.

Еліміздің екі облысы – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында баға өзгерген жоқ, ал Павлодар мен Жамбыл облыстарында тіпті тиісінше 14,2% және 22,2%-ға төмендеді.

Ағымдағы жылдың қаңтарында авиакомпанияның кірісі 20,9 млрд теңгені құрады, бұл жылдық көрсеткіште ақшалай 6,6% артық деген сөз.

Кірістің басым бөлігі дәстүрлі түрде жолаушы тасымалдаудан түскен: 20,4 млрд теңге. Жүк тасымалдаудан түскен кіріс 534,8 млн теңгені, жүргізушісі бар көліктерді лизингке беруден келген кіріс көлемі 215 млн теңгені құрады.

Салыстыру үшін: өткен жылдың осы кезеңінде түсімдер 40,8%-ға төмендеп, 19,6 млрд теңгені құрады.

2022 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасының әуе компаниялары 527 мың адамды тасымалдады, бұл бір жыл бұрынғыдан 11%-ға аз. Ал жолаушылар айналымы, керісінше, арта түскен.

Әуе көлігімен жүк тасымалдау саласында айтарлықтай төмендеу байқалды. Ағымдағы жылдың қаңтар айында жүк тасымалдау көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 53,2 пайызға азайып, 1,2 мың тоннаны құрады. Жүк айналымы 2,6 млн тонна-километрді құрады, бұл 52,9-ға қысқарды деген сөз.