Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға салынатын айыппұл көлемі өседі

Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға салынатын айыппұл көлемі өседі
Сурет: Gov.kz

Айлық есептік көрсеткіш – 3 450 теңге болып бекітілді.

2023 жылдан бастап Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға салынатын айыппұл көлемі де өседі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына сәйкес, келер жылы ең төменгі жалақы мөлшері – 70 мың теңге, ал айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге болып бекітілді. Демек, айыппұлдардың да көлемі ұлғаяды.

Қозғалыс жылдамдығын асырғанда

2023 жылы автомобиль қозғалысының жылдамдығын 10-40 километрге арттырған жүргізушілерге 5 АЕК-тен (17 250 теңге) 10 АЕК-ке (34 500 теңге) дейін айыппұл салынады. Жылдамдықты сағатына 40 километрден асырғандар 20 АЕК (69 мың теңге) төлейді. Ал, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде мұндай әрекетті қайталағандар 30 АЕК (103 500 теңге) айыппұлмен жазаланады.

Көлік жүргізуге құқығы жоқ азаматтарға

Автокөлікті жүргізуге құқығы жоқ жүргізушіге 20 АЕК немесе 69 мың теңге айыппұл салынады. Көлікті жүргізу құқығынан айырылып, көлік басқарғаны үшін 50 АЕК (172 500 теңге) айыппұл салынады, не 20 тәулікке қамауға алынады.

Жол белгілерін елемеген жағдайда

Жол белгілері мен оның талаптарын сақтамағаны үшін 3 АЕК (10 350 теңге) айыппұл төлейді. Бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамаған немесе жол диспетчерінің тыйым салу қимылына құлақ аспаған жайғдайда 10 АЕК (34 500 теңге) айыппұл салынады. Құқық бұзуды қайталаса, оның көлемі 15 АЕК-ке (51 750 теңге) дейін өседі. Жол қозғалысы ережелерін бұзып, жаяу жүргіншілер жолы, жол жиектері немесе тротуармен жүрсе, 15 АЕК (51 750 теңге) айыппұл төлейді.

Аялдама/автотұрақ ережесін бұзған жағдайда

Көлікті тұраққа дұрыс қоймаған жағдайда салынатын айыппұл мөлшері де артады. Мәселен, аялдама немесе автотұрақ қағидаларын бұзғандарға 5 АЕК (17 250 теңге) айыппұл салынады. Көлікті белгіленбеген жерлерге қойып кетіп, басқа автокөліктердің жүруіне кедергі жасағандар 10 АЕК-ке (34 500 теңге) дейін айыппұл төлейді. Ақылы тұраққа ақша төлемеген жағдайда 3 АЕК немесе 10 350 теңге айыппұл арқалайды.

Жаяу жүргіншілерге қатысты

Жаяу жүргіншілерге арналған орындардағы жол қозғалысына қатысты ережелер орындалмаса, 6 126 (2022 жыл) теңгенің орнына 6 900 (2023 жыл) теңге айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі бірден 10 АЕК-ке дейін артып, 30 630 теңгенің орнына 34 500 теңге төлейтін болады.

Басқа да айыппұлдар

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске қыркүйек айында өзгеріс енгізілді. Оған сай, полиция қызметкерлерінің заңды өкімдеріне бағынбайтындарға 30 АЕК (103 500 теңге) айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. (Биыл бұл сома – 91 890 теңге). Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 15-тен 20 күнге дейін қамауға алынады. Қамауға алынбайтындар үшін (мүгедек адамдар) жаза ретінде 50 АЕК – 175 500 теңге (2022 жылы – 153 150 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін 5 АЕК немесе 17 250 теңге айыппұл салынады. Ал, қайталанған жағдайда 10 АЕК-ке немесе 34 500 теңге төлейтін болады.