Қазақстанда жыл басынан өндірісте 13 авария мен 103 оқиға болды

Қазақстанда жыл басынан өндірісте 13 авария мен 103 оқиға болды
Сурет: Egemen.kz

Қазақстанда жыл басынан өндірісте 13 авария мен 103 оқиға болды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінде айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ведомство басшысы Юрий Ильин Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде «Арселор Миттал Теміртау» АҚ басшылығын Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіне шақыртқан. Кездесуде өндірістегі қауіпсіздік, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту және оларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін талқыланды. Арселор Миттал Теміртау басшылығы өндірістің барлық кезеңдерінде қауіпсіздікті жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндаған.

«Юрий Ильин Өнекәсіптік қауіпсіздік департаментіне бизнес қауымдастыққа авариялар мен оқиғалардың санын азайту үшін қажетті әдістемелік көмек көрсетуді тапсырды. Қауіпсіздік шаралары сақталмаған жағдайда, заң аясында қатаң шаралар қабылданатынын, тіпті өндірістің жұмысы тоқтатылатын ескертті. Себебі 2022 жылдың басынан бері өндірісте 13 авария мен 103 оқиға тіркелді», - делінген министрліктің баспасөз баянында.

Сонымен қатар сапар барысында министр «КӘАҚҚ» ЖШС Республикалық орталық штабында болды, онда Республикалық орталық штабының және «АМТ» АҚ көмір департаментінің басшылығымен бірге тау-кен құтқарушыларын әлеуметтік қолдау және авариялық-құтқару қызметтерінің заманауи құралдармен, құрал-жабдықтармен және техникамен жарақтандыру жұмыстарымен танысты. Бұдан бөлек, Юрий Ильин облыс тұрғындарымен кездесті.

Тұрғындар негізінен дала өрттері мен су тасқынына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу, Қарағанды облысындағы тегін жағажайлар салу мәселелерін көтерді. Жүздесуге бейнеконференция арқылы өңірдің қалалары мен аудандарының тұрғындары қатысты.