Қазақстанда жалған нөмірлер бұғатталады

Қазақстанда жалған нөмірлер бұғатталады
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Интернет пен телефон арқылы алаяқтық көбеюіне байланысты жалған нөмірлер бұғатталады.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бағдат Мусин ішкі істер министрі Марат Ахметжановпен бірлесе өткен кеңесте интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылағанын мәлімдеді.

«Біз қазіргі уақытта байланыс операторларымен бірге осы мәселеге қатысты бірлескен іс-шараларды жүзеге асырудамыз. Бүгінгі таңда алаяқтармен күресудің тиімді әдістерінің бірі - жалған нөмірлерді бұғаттау. Қыркүйек айының соңына дейін байланыс операторлары алаяқтар қоңырау шалатын жалған телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттайтын болады. Цифрлық даму министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін ескере отырып, ұялы нөмірлерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізуді қарастыруда. Осылайша, біз телефон нөмірлерінің бөтен адамдарға тіркелу жағдайларының алдын алғымыз келеді», - деді Бағдат Мусин.

Сонымен қоса, ведомство интернет-алаяқтыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру бағытында банктермен тығыз әрекет жасауды ұсынады.

«Өйткені алаяқтық фактілердің орын алуы көп жағдайда банк операцияларымен тікелей байланысты. Банк қызметкерлері тұрғындарға хабарласқан уақытта, оның шыныменде банктен хабарласып тұрғанына көз жеткізу үшін SMS-хабарламалар арқылы сәйкестендіру жүйесін енгізуге болады», - деді министр.