Қазақстанда жалдамалы баспананың құны қымбат па?

Қазақстанда жалдамалы баспананың құны қымбат па?
Сурет: Kotel.guru

Елімізде тұрғын үйді жалға алу құны бір жылда 18 пайызға қымбаттады.

Баспана жалдау құнының қымбаттығы жөнінен Қазақстан 107 елдің арасында 82-орында тұр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Еnergyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан 82-орын алған бұл рейтингте мемлекеттердің қала орталығындағы ай сайынғы жалға берілетін (бір жатын бөлмелі) тұрғын үйдің құны салыстырылған. Аталған рейтинг бойынша Қазақстанда пәтер  жалдау бағасы $303,85 болды.

Бағасы шарықтап тұрған жалдамалы пәтерлер Гонконг, Сингапур және БАӘ-де болса, тұрғын үй жалдаудың ең арзаны Непалда екен.

ТМД елдерінің ішінде тұрғын үйді жалға алу, Қазақстан Республикасына қарағанда, Әзірбайжанда арзанырақ – айына 266,3 АҚШ доллары шамасында.

Ресейде ай сайынғы пәтер жалдау ақысы 412,51, Арменияда — 396,74, Украинада — 366,11, Өзбекстанда — 322,27, Белоруссияда — 306,17 АҚШ доллары тұрады.

2021 жылдың желтоқсанында Қазақстанда жайлы тұрғын үйді жалға алу бағасы бір жылда 17,5%-ға өсті, яғни 1 шаршы метр үшін алынатын ақы 1,9 мың теңгеге дейін қымбаттады

Еліміздің ірі қалаларының ішінде жалға алу бағасы бірден 40,6%-ға көтерілген Алматы қаласы болып тұр. Бұл үштікке Орал мен Шымкент қалалары да кірді. Сәйкесінше, бұл қалалардағы қымбатшылық 32,5% және 31,3%-ды құрайды. Қымбаттау бойынша ең аз жылдық өсім Тараз қаласында тіркелді, нақтырақ айтқанда, пәтер жалдау бағасы 5,5%-ға артқан.

Баспана жалдаудың ең қатты қымбаттағаны елордада да байқалды: әр шаршы метр үшін 3,7 мың теңге. Ең «қымбат» қалалардың қатарында Алматы (3,3 мың теңге) мен Ақтау (2,4 мың теңге) тұрса, «ең арзан» қала Тараз (1,4 мың теңге) болды.