Қазақстанда волонтёрлік қызметпен айналысушылар көбейген

Қазақстанда волонтёрлік қызметпен айналысушылар көбейген
Сурет: Tengrinews.kz

Бүгінгі таңда бірыңғай платформада 3 мың 400-ден аса волонтёрлік ұйым жұмыс істейді.

Оның құрамына 51 мыңға жуық волонтёр кіреді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Ақмолалық ерлі-зайыпты Андрей мен Марина Лутошкиндер 2014 жылдан бері волонтёрлер қатарында. Екеуі өңірдегі көптеген акцияларды, соның ішінде халықаралық жобаларды да өздері басқарады.

«Волонтёрлік – шын көңілмен істесең, өзіңе ерекше сезім сыйлап, шабыт беретін, керемет әсерлерге толы іс. Біз бағыт таңдамаймыз. Қай салаға көмегіміз керек, сол жерден табыламыз. Талай экологиялық акцияларға, ағарту жұмыстары мен тарихи ізденістерге де атсалыстық», - дейді волонтер Андрей Лутошкин.

Қазақстанда волонтёрлік қызметке жоғары деңгейде назар аударылып, мәртебесі артып келеді. Ал арнайы әзірленген мобильді қосымша волонтёрлікпен айналысуға ниеттілерді қозғалысқа тез арада тіркеуге және олардың өзара байланысын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Мобильді қосымшаны жүктеп алған уақытта экранда «Сіз көмекке мұқтажсыз ба?» немесе «Көмек бергіңіз келе ме?» деген сұрақ шығады. Егер көмек бергіңіз келсе, сіз – волонтёрсіз. Өзіңізді тіркеп, аты-жөніңізді жазып болғаннан кейін, қай жерде және қандай адамға көмек керек екендігі көрсетілген хабарлама келеді. Бұл, бір жағынан, адамдар мен волонтёрлер арасындағы жұмысты тез байланыстырады», - дейді облыстық «Жастар» ресурстық орталығының жетекшісі Мәнсия Есекеева.