Қазақстанда туризм саласын мемлекеттік қолдау тетіктері жетілдіріледі

Қазақстанда туризм саласын мемлекеттік қолдау тетіктері жетілдіріледі
Сурет: Travel Russian News

Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев айтты.

Қазақстанда туристік саланы мемлекеттік қолдау тетіктері жетілдіріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің туризмді дамыту мәселелері жөніндегі кеңейтілген алқа отырысында Т. Аманбаев 2021 жылы 30 сәуірде "Туристік қызмет туралы" жаңа заң қабылданғанын, онда ұлттық компанияның құзыреті бекітілгенін және туризм үшін мемлекеттік қолдаудың жаңа ынталандыру шаралары қарастырылғанын атап өтті. Мәселен, балалардың ұшақпен тегін ұшуын субсидиялайтын «Kids Go Free» бағдарламасына Kazakh Tourism әкімшілік етеді.

Сонымен қатар, Kazakh Tourism компаниясының жобалық кеңсесі ережелерін жазуға және жобаларын бекітуге қатысқан. Бұдан басқа, компания министрліктің фронт-офисі ретінде қоғамда осы шараларды түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.

«Биыл 1 қаңтардан бастап туристік саланың бизнес субъектілері үшін мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары іске қосылды. Біз қазірдің өзінде қолдау шараларының тетіктерін жетілдіру бойынша өңірлер мен нарық арасында кері байланыс орнаттық», - деді Талғат Аманбаев.

Айта кетейік, 2021 жылғы 30 сәуірде Президент "Туристік қызмет туралы" заңға түзетулерге қол қойды, онда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қолдаудың жаңа 7 шарасы көзделген. Қазір Kids go free – балалардың турпакет аясында тегін ұшуы бағдарламасын бастау туралы ақпарат жүріп жатыр.

Одан басқа, санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауды субсидиялау; автобустарды сатып алу кезіндегі шығындарды өтеу бастамасы бар. Яғни, туроператор, турагент немесе гид автобус сатып ала алады және инвестициялық шығындардың 25%-ын мемлекет өтейді. Туристік қызмет нысандарын – қонақ үйлерді, хостелдерді, кэмпингтерді және басқа да нысандарды салу кезінде мемлекет инвестициялық шығындардың 10%-ын өтейді. Жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде инвестициялық шығындарды субсидиялау бағдарламасы іске қосылды.