Қазақстанда спортшылардың жетістігін бақылауға мүмкіндік беретін е-sport жүйесі іске қосылмақ

Қазақстанда спортшылардың жетістігін бақылауға мүмкіндік беретін е-sport жүйесі іске қосылмақ
Сурет: Vesti.kz

Cпортшыларды іріктеу рәсімдерінің ашық өтуі маңызды.

Алдағы уақытта ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спортшылардың барлық жетістігін, жарыстарға қатысу кестесін бақылауға мүмкіндік беретін е-sport жүйесін іске қоспақ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Іnbusiness.kz сілтеме жасап.

"Құрама команда қатарына спортшыларды іріктеу рәсімдерінің ашық өтуі маңызды. Бұл біздің басты назарымызда. Алдағы уақытта министрлік спортшылардың барлық жетістігін, жарыстарға қатысу кестесін бақылауға мүмкіндік беретін е-sport жүйесін іске қосады. Әділеттілік пен ашықтық маңызды, спорт жүйесінде салауатты бәсекелестік болуы тиіс", – деп атап өтті ведомство басшысы Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін лицензиялар санына емес, медальдардың сапасына назар аудару қажет. Себебі жалпыкомандалық есеп алтын медаль саны негізінде жүргізіледі.

"Жоғары жетістіктер спортын дамыту үшін үлкен қаражат бөлініп, қолдау көрсетілуде. Қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Дегенмен министрлік қайырымдылықпен айналыспайды. Сондықтан әр теңге үшін қатаң сұрау болады. Мұны осында отырған әрқайсысыңыз есте сақтауға тиіссіздер", – деді ведомство басшысы.

Айта кету керек, жыл басынан бері еліміздің құрама командалары 19 әлем чемпионатына және 20 Азия чемпионатына қатысып, 140 медаль иеленді.