Қазақстанда ресми түрде үш жаңа облыс құрылды

Қазақстанда ресми түрде үш жаңа облыс құрылды
baigenews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4 мамыр күні Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы Жарлыққа қол қойған еді. Онда жаңадан үш облыс құру туралы айтылған. Құжат бүгіннен, яғни 8 маусымнан, бастап күшіне енді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

«1) Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандарын, Семей және Курчатов қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасатын Абай облысы;

2) Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарын, Талдықорған және Текелі қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасатын Жетісу облысы;

3) Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасатын Ұлытау облысы құрылсын», - делінген Президент Жарлығында.

Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелген еді. Сондай-ақ, оның 8 маусымнан бастап күшіне енетіні жазылған.

«Жарлық 2022 жылғы 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс», - делінген құжатта.