Қазақстанда Өзбекстанның мәдениет күндері өтті

Қазақстанда Өзбекстанның мәдениет күндері өтті
Cурет: Elorda.info

Гала-концертте Өзбекстанның жетекші солистері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Қазақстан мен Өзбекстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар аясында дөңгелек үстелдер, көрмелер мен шеберлік cабақтары өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Сондай-ақ қазақстандық көрермендерге қазақ тілінде тифлокомментарийлері бар «Шай» қысқаметражды фильмі ұсынылды. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында өткен гала-концертте Өзбекстан Республикасының жетекші солистері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

«Бізді екі мың шақырымнан астам шекара ғана емес, екі мың жылдық тарих біріктіреді. Сіздер бізге арнайы алып келген мазмұны терең, мағынасы бай бағдарламалар көші сол игі сабақтастықты жалғастырып отыр. Алайда, қос тарап бұл рухани байланыспен шектеліп қалмауы тиіс. Алдағы уақытта мәдени алмасудан бөлек, бірлескен ортақ жобаларды жүзеге асыру қажет. Біз бұрыннан татулықты табысқа, бірлікті берекеге айналдырып келе жатқан ағайындас халықтармыз. Түбі бір түркі әлемінің қос қазығындай қазақ-өзбек қатынасы нығая беруіне шын жүректен тілектеспін», - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Өз кезегінде өзбек тарапы Мәдениет және спорт министрлігіне іс-шараларды ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс айтып, Қазақстан тарапының жобалары мен бастамаларына жоғары қызығушылық танытқанын атап өтті.