Қазақстанда оқушылардың каникул мерзімдері қысқаруы ықтимал

Қазақстанда оқушылардың каникул мерзімдері қысқаруы ықтимал
Сурет: Вoiko.com.ua

Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті министр Асхат Аймағамбетовтің «Орта білім беру ұйымдарында 2022–2023 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы» бұйрығының жобасын әзірледі.

Аты айтып тұрғандай, құжат жаңа оқу жылындағы балалардың демалыс мерзімдерін өзгертеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Іnbusiness.kz сілтеме жасап.

Оны жекеменшік мектептер де сақтауға міндетті болады. Бірден айта кетелік, бұрынғыға қарағанда, каникулдар біршама қысқарады, сол арқылы оқу апталары ұзармақ.

Сонымен, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, орта білім беру ұйымдарында оқу жылының басталуы, ұзақтығы және каникулы кезеңдерінің келесі мерзімдері айқындалады:

  • 2022–2023 оқу жылы дәстүрлі түрде 2022 жылғы 1 қыркүйекте басталады. Биылғы жылы «Білім күні», 1 қыркүйек апта ішінде бейсенбіге тұспа-тұс келеді.
  • Жаңа оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 35 оқу аптасын құрайды. Ал 2–11 және 12-ші сыныптарда 36 оқу аптасына созылады. Салыстырсақ, 2021–2022 оқу жылында оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 33 оқу аптасын, ал 2–12-сыныптарда 34 оқу аптасын құраған болатын.
  • Оқу жылы ішіндегі каникул кезеңдері былайша белгіленіп отыр: 1–11 (12), яғни барлық сыныптарда күзгі каникул 7 күнді құрайды. Яғни, 2022 жылғы 31 қазаннан 6 қараша аралығында. Қысқы каникул – 9 күн: 2022 жылғы 31 желтоқсан мен 2023 жылғы 8 қаңтар аралығында. Көктемгі каникул 9 күнді - 2023 жылғы 18–26 наурыз аралығын қамтиды. Салыстыра кетсек, биылғы көктемде аяқталған алдыңғы оқу жылында 1–12-сыныптарда күзгі каникул 7 күнге (2021 жылғы 1-7 қараша аралығына), қысқы каникул 18 күнге (2021 жылғы 30 желтоқсан мен 2022 жылғы 16 қаңтар аралығына), көктемгі каникул 12 күнге (2022 жылғы 19-30 наурыз аралығына) созылған.
  • 1-сыныптарда 7 күндік қосымша каникул белгіленеді: ол 2023 жылғы 6–12 ақпан аралығында беріледі. Алдыңғы оқу жылында бұл бонус-каникул 7–13 ақпан аралығында ұсынылған.