Қазақстанда мемлекеттік және квазимемлекеттік 675 нысан жекешелендіріледі

Қазақстанда мемлекеттік және квазимемлекеттік 675 нысан жекешелендіріледі
Сурет: Lada.kz

Жыл соңына дейін кешенді жоспар нысандарының 80%-іне дейін сауда-саттыққа шығару көзделген.

 ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Е.К. Жамаубаев Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы жөнінде баяндады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Кешенді жоспар мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектордағы 675 нысанды қамтиды. Оған республикалық меншіктегі 7 нысан, коммуналдық меншіктегі 250 нысан, ұлттық холдингтер мен компаниялардың 262 нысаны мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың 156 объектісі кіреді.

«Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша, кешенді жоспардағы 675 нысанның 253-і 141,7 млрд теңгеге бәсекелес ортаға берілді, 60-ы қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді, 146-сы сауда-саттықта болса, 216 нысан сату алдындағы дайындықта тұр. Кешенді жоспардағы сату, қайта ұйымдастыру және тарату процестерін ескерсек, оның орындалуы 46%-ті құрайды. Ал Кешенді жоспар объектілерін сауда-саттыққа шығару көрсеткіші 68%-ті құрап отыр», - деді Қаржы министрі бүгінгі Үкімет отырысында.

Кешенді жоспарды уақытылы және тиісінше орындау мақсатында мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында әрбір нысанды сатуға шығару шараларын өткізу мерзімдері көрсетілген жол карталары жарияланды. Жол карталары баршаға қолжетімді. Бұдан басқа, объектілерді сатуға шығару мерзімдеріне тәсілдер белгіленді. Оған сәйкес, жыл соңына дейін кешенді жоспар нысандарының 80%-іне дейін сауда-саттыққа шығару көзделген. «Қаржы министрлігі сату жол карталары бойынша іс-шаралардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізеді», - деді Е.Жамаубаев.