Қазақстанда құмар ойыншылар 350 мыңнан асады

Қазақстанда құмар ойыншылар 350 мыңнан асады
Сурет: Fifaxa-game.com

Бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңге шамасында.

Сенат депутаты Дана Нұржігітова букмекерлік компаниялардың жарнамасына тыйым салу керектігін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Депутаттың айтуынша, өзіне шағымданған азаматтар букмекерлік кеңселерді жарнамалауға қатысты заңнамалық шаралар қабылдауды талап етеді.

«Жарнама туралы» қолданыстағы заңға сәйкес, казино мен интернет-казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Бірақ букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым жоқ. Сондықтан мұндай компаниялардың жарнамалары интернетте агрессивті түрде алға жылжып барады. Осы фактіні ескере отырып, букмекерлік компанияларды жарнамалауға толық тыйым салу бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет», - деді Дана Нұржігітова.

Сенатордың мәліметінше, Қазақстанда құмар ойыншылардың саны 350 мыңнан асады, ал бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңге шамасында. 

«Жасы 18-ге толған кез келген азаматқа, табысына қарамастан, мобильді қосымшалармен несие беріледі. Мұндай қолжетімді несиелер құмар ойындардың төлемдеріне де жұмсалады. Банк алдында берешегі бар, құмар ойынның жетегінде жүрген 18-27 жас аралығындағы азаматтар әскерге барады. Бұл кезде несиенің пайызы өсе береді», - дейді сенатор.