Қазақстанда қой еті бір жылда 15,4%-ға қымбаттады

Қазақстанда қой еті бір жылда 15,4%-ға қымбаттады
Сурет: Steakhome.ru

Мал шаруаылығының өндірісі өскенімен, ет бағасы арзандамаған.

Бір жылдың ішінде Қазақстанда қой еті 15,4%-ға, жылқы еті 11,8%-ға, шошқа еті 10,2%-ға, сиыр еті 8,3%-ға қымбаттаған. Нәтижесінде бір жылда ет бағасы 11%-ға өскен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Energyprom.kz сілтеме жасап.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында мал шаруашылығындағы өнімдердің жалпы өндірісінің көрсеткіші 186,1 млрд теңгеге жеткені белгілі болды. Бұл көрсеткіш бойынша, 30,1 млрд теңгемен Алматы облысы тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға көп. Сондай-ақ үздік үштікке Түркістан және Ақмола облыстары енді.

 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 3,1 трлн теңге болды, өткен жылмен салыстырғанда нақты мәнде 3,6%-ға артық.

2022 жылғы 1 ақпанда Қазақстанда 3,4 млн бас жылқы 11,3%-ға, 47,3 млн құс 9,2%-ға, 241,5 мың бас түйе 7,5%-ға, 18,5 млн бас қой 4,5%-ға, 8,3 млн бас ірі қара мал 3,9%-ға, оның ішінде 4,2 млн бас сиыр 5,4%-ға өскен.

Шошқа саны 2,6%-ға немесе 823,3 мың басқа дейін, ешкі 1,2%-ға немесе 2,3 млн басқа дейін азайған.

Мал шаруашылығында өндіріс оң нәтиже көрсетіп отыр. Биыл қаңтарда тауық жұмыртқасын өндіру бір жылда 18,4%-ға немесе 369,7 млн данаға дейін өскен. 

Сүт өндірісі 259,3 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5% артық. 

Ірі қара малдың терісін өндіру 0,2%-ға немесе 217 мың данаға дейін өскен. Ұсақ малдың терісін өндіру 0,4%-ға немесе 424,6 мың данаға азайған. 

2022 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша, Қазақстан бойынша бөлшек сауда орындарында ет пен құс етінің бағасы бір жылда 11,3%-ға өскен. Оның ішінде қой еті 15,4%-ға, жылқы еті 11,8%-ға, шошқа еті 10,2%-ға, сиыр еті 8,3%-ға қымбаттады. Пісірілген шұжықтың бағасы 7,2%-ға, жартылай ысталған шұжық 9,1%-ға өскен.

Елдегі дүкендер мен базарларда 1 келі сиыр етінің орташа бағасы – 2,2 мың теңге, қой еті – 2,4 мың теңге, шошқа еті – 1,9 мың теңге, жылқы еті – 2,6 мың теңгені құрады. Пісірілген шұжықтың бағасы орта есеппен 2,2 мың теңге (1 келісі), жартылай ысталған шұжық 2,6 мың теңге тұрады.