Қазақстанда киік санағы басталды

Қазақстанда киік санағы басталды
Сурет: Azattyq.org

Бір ай бойы мамандар ақбөкендердің санын анықтау жұмыстарын жүргізеді.

Биыл олардың саны 1,5 миллионға жуықтауы мүмкін деген болжам жасалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы арнасына сілтеме жасап.

Алайда жануардың мүйізіне қызығып, атып алудан тайынбайтын қаскөйлерден төнген қауіп те азаяр емес. Қазір олардың төлдейтін уақыты. Яғни есепке алуға нағыз ыңғайлы кезең. Бетпақдала популяциясында өткен жылы 300 мыңға жуық ақбөкен тіркелген. Биыл олардың саны одан да көп болады деп болжам жасап отыр мамандар. Қазір жануарларды күнделікті әуеден бақылап, санау жұмыстарын жүргізуде.

Мамандар жылына бір рет дәл осылай ақбөкендерді әуеден барлайды. Арнайы құрылғы арқылы киіктердің саны анықталады. Бетпақдала популяциясы ақбөкендер санының көптігімен ерекшеленеді. Құрамына Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары кіреді. Жалпы аумағы - 56 миллион гектар жер.

Жалпы, киіктердің мекен етуі Бетпақдала, Үстірт және Орал популяцияларына бөлінеді. Бұл – еліміздің барлық өңірлері ақбөкендер мекеніне айналып жатқанының айғағы. Биыл әуеде киіктерге санақ жүргізу үшін 200 сағат бөлінген.