Қазақстанда халықтан атыс қаруын сатып алу науқаны аяқталды

Қазақстанда халықтан атыс қаруын сатып алу науқаны аяқталды
Сурет: Ysia.ru

Бұл акция 2008 жылдан бері жүргізіліп келеді.

Ішкі істер министрлігінің халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша жыл сайынғы акциясы аяқталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтып берді.

«Ішкі істер министрлігінің халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша өткізілетін жыл сайынғы акциясы аяқталды. Шара қорытындысы бойынша, ішкі істер органдарына 1 087 азамат жүгініп, 1 400 дана атыс қаруы мен 10 мыңға жуық патронды өз еркімен тапсырған», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі апталық онлайн брифингіде.

Өз еркімен тапсырылған қарудың жай-күйіне қарай әр данасы үшін 10 айлық есептік көрсеткіштен (31 800 теңге - ред.) 100-АЕК-ке дейін (318 000 теңге -ред.) төлем беру көзделеді.

Айта кетейік, бұл акция 2008 жылдан бері жүргізіліп келеді, осы уақыт аралығында азаматтар 54 мыңнан астам атыс қаруын, 2 млн астам патронды өз еркімен тапсырды.
Кейінгі 5 жылда атыс қаруымен жасалған қылмыстардың саны 43%-ға төмендеген.