Қазақстанда кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган құрылады

Қазақстанда кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган құрылады
Сурет: Strahovka-info.com.ua

Біліктілік жүйесін басқарудың үш деңгейлі моделі жасалды.

Елімізде Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган құрылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ұлттық біліктілік жүйесін басқарудың үш деңгейлі моделі жасалды. Бірінші деңгей – Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес. Ол Ұлттық біліктілік жүйесінің стратегиялық басқаруына жауап беретін шешімдер қабылдаудың бірыңғай орталығына айналады», - деді ол Мәжілісте «Кәсіптік біліктілік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын таныстыра келе. 

Оның атап өтуінше, екінші деңгей - мемлекеттік органдар жанындағы кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңестер. Олар өз саласын кәсіби білікті кадрлармен қамтамасыз етуге жауап бере отырып, салалық біліктілік жүйелерін орнатуда жетекші рөл атқаратын болады.

Үшінші деңгейде Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органды құру көзделеді. Оның құзыретіне Ұлттық біліктілік жүйесі бойынша әдістемелік және сараптамалық қолдау көрсету жөніндегі функциялар кіреді.