Қазақстанда есірткіні қолданғаны үшін жазаны жеңілдету қарастырылуда

Қазақстанда есірткіні қолданғаны үшін жазаны жеңілдету қарастырылуда
Сурет: Еgemen.kz

Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов айтып берді.

Қазақстанда есірткіні беймедициналық мақсатта қолданғаны үшін жазаны жеңілдету жоспарлануда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Есірткіні беймедициналық мақсатта қолданғаны үшін жазаны жеңілдетуді көздейтін екі заң жобасы әзірленді. Яғни, есірткіні аз мөлшерде қолданған және сақтаған адамдар қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деді Бақытжан Әмірханов министрлік ұйымдастырған онлайн-брифинг барысында.

Спикердің айтуынша, заң жобасы прекурсорлар мен қатты әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Сонымен бірге, синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл мәселелерін елдің жоғары басшылығы мемлекеттік басқару органдарының басым міндеттерінің бірі ретінде айқындаған.

Бүгінгі таңда 2022-2023 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді, онда шетелде өндірілген есірткілердің түсуіне, олардың ел ішінде таралуына және өндірілуіне жол бермеу, есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту, сондай-ақ ішкі істер, денсаулық сақтау, сот сараптамасы органдарын және шекаралық өткізу пункттерін материалдық-техникалық жарақтандыру шаралары көзделген.

Аса қауіпті болып саналатын мефедронның, пировалеронның және олардың аналогтарының, синтетикалық каннабиноидтардың «криминалдық» мөлшері 50 грамнан 1 грамға дейін заң жүзінде төмендетілді. Оларды өткізу мақсатынсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілген.