Қазақстанда ер адамдар жиі жоғалады

Қазақстанда ер адамдар жиі жоғалады
Сурет: Adyrna.kz

 Биыл 9 айда елімізде 2075 адам жоғалып кеткен. 

Елімізде ер адамдар жиі хабар-ошарсыз кетеді екен. Ал әйелдер арасында көбіне спирттік ішімдікті асыра пайдаланатындар, қолайсыз отбасынан шыққандар жоғалатын көрінеді. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Нұрлан Темірбаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Статистика көбінесе ер адамдардың жоғалатынын көрсетіп отыр. Бұл олардың маусымдық жұмыстарға, (көлік жүргізу, жүк тасымалдау тағы сол сияқты) түрлі қызметтік іссапарларға шығуымен байланысты. Әйелдер арасында көбіне спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатындар, ал жасөспірімдер бойынша қолайсыз отбасынан шыққандар жоғалып жатады», - деді Нұрлан Темірбаев министрлікте өткен брифингіде.

ҚР ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, хабар-ошарсыз жоғалып кететін 100 адамның 80-і табылып, жақындарына қайтарылады.

«Кәмелетке толмағандардың үйінен қашатын себебі - ата-анасымен жанжалдасып қалуы немесе ата-анасы ішетін болғандықтан, балалары бөлек тұрғысы келеді. Ата-ана құқығынан айырғаннан кейін оның балаларын арнайы орталықтарға жібереді. Яғни балалар үйіне. Кейде балалар ол жерден де қашып кетіп жатады. Бұның соңы адамның жоғалуына алып келеді, сосын іздеу салынады. Сондай-ақ балалардың ұзақ уақыт ойын клубтарында жүруі мен ата-ананың жазасынан құтылу үшін үйден және мектептен қашу фактілері орын алады», - дейді ол.