Қазақстанда еңбек шарты онлайн жасалып, жеке ісі цифрлық форматқа ауысады

Қазақстанда еңбек шарты онлайн жасалып, жеке ісі цифрлық форматқа ауысады
Сурет: Soldatbiz.ru

Аталған әдіс ашықтықты қамтиды.

Қазақстанда жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек келісімшарты онлайн тіркеледі. Сонымен қатар жұмысшының жеке ісі цифрлық форматқа ауыспақ. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«HR Еңбек» - жұмыс беруші мен жұмысшы арасында жасалатын еңбек келісімін реттеуге арналған қызмет. Бұл жерде еңбек келісімшартын онлайн форматта тіркеуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, жұмысшының цифрлық жеке ісін енгізу қаралып жатыр. Бүгінде жұмысшы жеке іс мәліметтерін қағаз түрінде жинайды. Ендігі уақытта жұмысшының келісімін ала отырып, жеке іс цифрлық форматта ұсынылады. Аталған әдіс ашықтықты қамти отырып, жалған құжат жасаудың алдын алады», - деді Ербол Оспанов Астанада өтіп жатқан адам және ғаламшарға арналған цифрлық шешімдер тақырыбындағы конференцияда.

Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың 60%-ы электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс тапқан.

«Электронды еңбек биржасында біліктілікті арттыруға арналған курстар бар. Яғни 109 мамандық бойынша 160 тегін курс қарастырылған. Одан бөлек, «Бизнес еңбек» сервисі жұмыс істейді. Аталған қызмет арқылы жеке кәсіп ашамын деген азаматтардың мемлекеттік грантқа ие болу мүмкіндігі бар», - дейді ол.

Айта кетсек, енді мемлекеттік төлемдер адамның қатысуынсыз арнайы жүйе арқылы тағайындалады.

Сонымен қатар келесі жылдан бастап елімізде Отбасының цифрлық картасы енгізілмек.