Қазақстанда cапасы төмен университеттер жабылады

Қазақстанда cапасы төмен университеттер жабылады
Сурет: Inform.kz

Оның жалпы саны 21-ге жетіп отыр.

Қазақстан Үкіметі сапасы төмен жоғарғы оқу орындарын жауып жатыр. Осы күнге дейін 15 ЖОО жабылды,тағы алты университет жабылуы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Академиялық дербестікті кеңейтумен қатар, жауапкершілігі төмен университеттерді жауып, сапаны қамтамасыз ете алмайтын ЖОО-ларды қайта бейіндеу бойынша күрделі жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде 15 ЖОО жабылды. Бұдан бөлек, қосымша 6 оқу орнын жабуға қатысты шешімімізге шағым беріліп, ол сотта қаралып жатыр. Оның жалпы саны 21-ге жетіп отыр. Жабылған университеттердің 100 мыңнан астам студентін басқа ЖОО-ларға ауыстырдық. 66 университеттің әлсіз білім беру бағдарламалары бойынша 505 лицензияны кері қайтарып алдық», - деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол оқытудың әлсіз бағыттары бойынша лицензияны қайтарып алу үшін тағы 4 ЖОО-мен сот процесі жүріп жатқанын айтты.

«Педагогикалық бағыттар бойынша жоғары оқу орындарының саны 85-тен 50-ге дейін қысқарды. Енді оқытудың тиісті сапасын қамтамасыз ететіндер ғана болашақ мұғалімдерді дайындай алады. Заңгерлерді даярлайтын университеттердің саны 72-ден 61-ге дейін қысқарды», - деді Асхат Аймағамбетов.