Қазақстанда бидай мен ұн экспортына енгізілген шектеулер алынып тасталды

Қазақстанда бидай мен ұн экспортына енгізілген шектеулер алынып тасталды
Сурет: Ашық дереккөзі

Елімізде 11,3 млн га астық жиналды

Тиісті бұйрыққа Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қол қойды. Осылайша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бидай мен ұнды шетелге шектеусіз сата алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылғы 14 қыркүйектен бастап бидай пен ұн экспортына шектеулерді алып тастады.

Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бидай мен ұн экспортына квота енгізу туралы шешім қабылданған еді.  Алайда, әлемдік нарықтағы жағдай тұрақтанғаннан және Қазақстандағы астық өніміне жасалған болжамның оң көрсеткішінен кейін  енгізілген квотаны алып тастау туралы шешім қабылданды. 

Бүгінде республиканың барлық облысында  егін жинау жүріп жатыр. Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, қазір елімізде 11,3 млн га астық жиналды - бұл жоспардың 69,8%.  12 ц/га орташа өнімділікте 13,5 млн тонна астық бастырылды (2021 жылы бұл уақытта орташа өнімділік 8,9 ц/га құраған болатын).