Қазақстанда бидай бағасы екі аптада 40 пайызға өсті

Қазақстанда бидай бағасы екі аптада 40 пайызға өсті
u-f.ru

«Атамекен» палатасы астық экспортына тыйым салу қажет деп есептейді.

Ресей мен Батыс елдері арасындағы сауда кикілжіңі отандық экономикаға әсерін тигізіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Бүгінде кәсіпкерлер «Атамекен» палатасына шағымын көбейткен. Олардың базынасы орынды, мәселені шешу жолдары да бар екенін айтады ұлттық кәсіпкерлер палатасы. "Қазақстанда бидай бағасы екі аптада 40 пайызға өсті. Алдыңғы кезекте ұн өндірушілер мен құс фабрикаларының кәсібі тығырыққа тірелуге шақ тұр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, сүт-тауарлы фермалар да астық бағасының шарықтауына алаңдаулы", - дейді «Атамекен» палатасының өкілдері.

- Құс фабрикалары қазіргі кезде мынадай мәселе көтеріп отыр, бидайдың бағасы осыдан 2 апта бұрын 120 теңге болса, қазіргі кезде 180 теңгеге өсіп кетті. Бұл проблема біздің кәсіпкерлерді қатты алаңдатуда. Ресей 15 наурыздан бастап қант пен астық экспортына тыйым салды. Шектеу бірнеше айға жалғасады. Мұндай күрт шешімнен еліміздің наубайханашылары шикізат тапшылығына тап болды. Экспорт мәселесін уақытша жабатын болсақ, шектейтін болсақ, ішкі нарықта баға түседі. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия елдеріне астық жеткізіп отыр. Бірақ дәл қазіргі жағдайда оған квота енгізу немесе түбегейлі тыйым салу қажет, - дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов.