Қазақстанда белсенді экспорттаушылар саны 540-тан асты

Қазақстанда белсенді экспорттаушылар саны 540-тан асты
Сурет: Inform.kz

Негізгі проблемалар – логистикадағы іркілістер, жалпы іскерлік белсенділіктің төмендеуі

Елордада Қазақстан экспорттаушыларының бірінші форумы өтті, оған 70-ке жуық экспорттаушы компания қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

ҚР Сауда және интерграциялар министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Қазақстандағы белсенді экспорттаушылар саны 540-тан асты, бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді.

«Соңғы үш жыл барлық халықаралық сауда үшін күрделі болды. Қазіргі уақытта COVID-19 салдары мен әлемдегі геосаяси жағдай Қазақстанның да сыртқы саудасына ықпал етіп отыр. Негізгі проблемалар – логистикадағы іркілістер, жалпы іскерлік белсенділіктің төмендеуі болып қала береді. Ресей-Украина дағдарысы пандемиялық шектеулерден кейін қалпына келіп үлгермеген жеткізу тізбегінің үзілуіне әсер етті. Біз бизнеспен белсенді жұмыс істедік, Еуропалық Одақ бағытындағы жүктердің өтуін қамтамасыз еттік», - деді Бақыт Сұлтанов форум барысында.

Министрдің айтуынша, тағы бір өзекті мәселе – өткізу нарықтарын қайта бағдарлау.

«Бүгін форумға қатысатын көптеген кәсіпорындардың жаңа нарыққа шығу үшін қосымша мүмкіндік іздеп жатқанын білемін. Мемлекеттік құрылымдар да жаңа бағыттар бойынша экспорт мүмкіндіктерін пысықтауға кірісті» , - деді сауда министрі.

Форум аясында қазақстандық экспорттаушылар шетелдік нарықтарға жіберілетін тауарларын көрмеге шығарды. Олардың арасында полипропилен су сүзгілері, жануарларға арналған диеталық қоспалар, био-йогурттар мен жеміс-жаңғақ шоколадтары бар. Барлық экспорттаушылар – экспортты мемлекеттік қолдау бағдарламаларының қатысушылары.