Қазақстанда «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді

Қазақстанда «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді
Сурет: Gov.kz

Шара барысында  күштер мен құралдардың ел ішінде қозғалысы орын алады.

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі елде «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жалғасып жатқанын жеткізді.  Аталған шара биылғы сәуір айында өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Оқу-жаттығу Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру, күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде өткізіледі», - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Оқу-жаттығу барысында күштер мен құралдардың ел ішінде қозғалысы орын алады. Бөлімшелер оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтау үшін полигондарға марш жасап, содан кейін тұрақты орналасу пункттеріне оралады.

Жаттығу Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан секілді жеті облыстың, сондай-ақ республикалық маңызы бар Алматы және Шымкент қалаларының аумағында өтеді.

Алматы авиациялық базасындағы әскери авиацияның ұшқыштары Ми-17 көліктік-жауынгерлік тікұшақтарында және Ми-35М жауынгерлік тікұшақтарында Арнайы операциялар күштерінің тактикалық десантын оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтайтын аудандарға жеткізу мен алып жүруді орындайды.

Жоспар бойынша әскери-көлік авиациясының экипаждары С-295 ұшақтарымен Қарулы күштердің бөлімшелерін Маңғыстау облысына жеткізуді жүзеге асырады. Олар «Ақтау-Жаңаөзен» автомобиль жолының әуеайлағына қонатын болады. Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері Маңғыстау облысының «Оймаша» полигонында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды пысықтайды. Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін бөлімшелер ұшақтармен тұрақты орналасу пункттеріне қайтарылады.

Биыл 6-7 сәуірде түнгі уақытта лектердің қозғалысы келесі кестеде жүзеге асырылғанын атап өту қажет:

– «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында – Тараз қаласындағы әскери бөлімнен техника «Мәтібұлақ» полигонына жіберілді;

– «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында – Семей қаласының әскери бөлімінен Аягөз қаласының әскери бөліміне, одан әрі «Майлин» полигонына жөнелтілді;

– Алматы және Талдықорған гарнизондары әскери бөлімдерінің жеке құрамы әскери авиация тікұшақтарының бүркемелеуімен «Іле» полигонына, Қапшағай гарнизонының әскери бөлімдерінің жеке құрамы «Шошқалы» полигонына жіберілді.