Қазақстанда банкаралық комиссиялар азайтылады

Қазақстанда банкаралық комиссиялар азайтылады

Бұл тәсіл қолма-қол ақшасыз төлемдерді одан әрі дамытады.

Қазақстан Ұлттық банкі мен Visa, Mastercard және UnionPay төлем карталарының халықаралық жүйелері төлем карталарын (интерчейндж мөлшерлемелерін) пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша банкаралық ішкі ұлттық комиссия мөлшерлемелерінің шекті мөлшерін төмендету бойынша бірлескен шаралар қабылдау мәселелері жөніндегі келісімге қол қойды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ұлттық банктің ресми сайтындағы мәліметі бойынша, Қазақстанда жұмыс істейтін Төлем карталарының халықаралық жүйелері интерчейндж мөлшерлемелерін бірден 2 есе төмендетуге міндеттеледі.

Шекті мөлшерлемелер төмендеген кезде кезең-кезеңімен төмендету тәсілі қолданылады. Бірінші кезең 2024 жылы 1 қаңтарда, ал екінші кезең – 2025 жылы 1 қаңтарда басталады:

жаппай сегментте (Classic, Gold және басқалары) бірінші кезеңде шекті мөлшерлемелер қазіргі мөлшерлемеден (1,80%-2,0%-дан) 1,50%-ға дейін, екінші кезеңде – 1,0%-ға дейін төмендейді;

премиум сегментте (Platinum, World және басқалары) бірінші кезеңде қазіргі мөлшерлемелерден (шамамен 2,40%-дан) 1,80%-ға дейін, екінші кезеңде – 1,20%-ға дейін төмендету көзделеді;

супер премиум сегментте (Infinite, World elite, Diamond және басқалары) бірінші кезеңде мөлшерлемелер қазіргі мөлшерлемеден (шамамен 2,45%-дан) 2,0%-ға дейін, екінші кезеңде – 1,40%-ға[1] дейін төмендейді.

Қолма-қол ақшасыз карталық төлемдер бойынша банкаралық комиссиялардың төмендеуі төлем индустриясының одан әрі дамуына оң ықпал етеді және банк комиссияларын төлеуге бизнес субъектілерінің шығындарын қысқартады. Бұл тәсіл қолма-қол ақшасыз төлемдерді одан әрі дамытып, «көлеңкелі экономиканың» азаюына оң әсерін тигізеді.

Анықтама үшін: интерчейндж дегеніміз – сауда-сервистік кәсіпорындарға қызмет көрсететін эквайер-банктер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау кезінде төлем картасының эмитент-банкке төленетін эквайрингтік комиссияның бір бөлігі.