Қазақстанда бала туу көрсеткіші азайды

Қазақстанда бала туу көрсеткіші азайды
Сурет: Time.kz

9 айда елімізде 299 711 бала өмірге келді.

Биылғы 9 айда Қазақстанда 300 мыңға жуық сәби дүниеге келді. Бірақ, статистика көрсеткендей, өлім көрсеткіші де азаймай тұр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, биылғы 9 айда елімізде 299 711 бала өмірге келді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 39 059 балаға аз. Яғни, өткен жылы 9 айда 338 770 сәби дүние есігін ашқан. Өлім-жітімге келсек, биыл 9 айда ол 8,18%-ды құрады. Өткен жылдың 9 айында нәресте өлімі 7,92% болған. Биыл 2021 жылмен салыстырғанда аздаған өсім бар», - деген жауап берді Денсаулық сақтау министрлігі ҚазАқпарат сауалына.

Сондай-ақ, аталған ведомство балалар арасында қандай аурулардың жиі кездесетіні жайлы мәлімет ұсынды.

«Жедел дерекке сенсек, балалар арасында тыныс алу ағзалары аурулары, қан және қан түзу, ас қорыту жүйелері, жарақаттар, улану мен сыртқы себептер әсері салдарынан пайда болатын ауру түрлері жиі кездеседі», - делінген хабарламада.

Одан бөлек, министрлік бала денсаулығына дәрігерлердің қателігінен зиян келген жағдайда қайда жүгіну керектігін айтты.

«Баланың денсаулығына медицина қызметкерінің тарапынан залал келтірілген жағдайда, оның ата-анасы немесе заңды өкілі министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жүгіне алады. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексінің 3-бабының 3-тармақшасына сәйкес, құқығы бұзылған жеке және заңды тұлғалардың өтінішін және мемлекеттік органдардың өтініштерін қоспағанда, адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке, заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірілгені туралы нақты фактілер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштері тіркелген жағдайда жоспардан тыс тексеру жүргізіледі», - дейді ведомство.