Қазақстанда арнайы комиссия құрылды

Қазақстанда арнайы комиссия құрылды
Сурет: E-history.kz

Ол ХХ ғасырдың 30-шы жылдары репрессия құрбаны болған қазақ зиялыларының тағдырын зерттеуге кірісті.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Сирек кітаптар және қолжазбалар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қуғын-сүргінге ұшыраған зиялы қауым өкілдерінің тағдырын зерттеумен айналысатын арнайы комиссия құрылды. Аталған комиссия мемлекетаралық деңгейде жұмысты бастап кетті. Оның құрамында 20 адам бар. Зерттеумен айналысатын комиссия мүшелерінің архив, басқа да тарихи дүниелер орталығына кіріп жұмыс істеуге рұқсаты бар», - деді Сирек кітаптар және қолжазбалар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, репрессияға ұшыраған зиялылардың тағдырын зерттеушілердің жақын шет елдердің архивімен жұмыс істеуіне рұқсат берілген.

«Алдағы уақытта арнайы комиссия жұмысының нәтижесінде тың дүниелер мен ақпараттар пайда болады деген сенімдеміз. Дәл қазір комиссия жұмысының нәтижесі туралы айтуға ерте. Себебі зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмысты қорытындылай келе, үлкен бір жинақ немесе монография шығып қалар», - дейді ол.