Қазақстанда алимент мөлшері артуы мүмкін

Қазақстанда алимент мөлшері артуы мүмкін
Сурет: Ua-advice.com

Әділет министрлігі осындай бастама көтеріп отыр.

Ведомство алимент төлейтін әкелердің беретін тиын-тебені баланы бағып, өсіруге жетпейді деген байламға келді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда ажырасулар саны жыл сайын өсіп барады. Мысалы, 2000 жылы 27 391 неке бұзылса, 2005 жылы бұл көрсеткіш 32 377-ге, 2010 жылы 41 617-ге, 2015 жылы 53 293-ке, 2019 жылы – 59 796-ға жеткен. Пандемия кезінде ажырасу саны біршама азайған: 2020 жылы 48 002-ні, ал былтырғы 2021 жылы 48 239-ды құрады.

Сонымен қатар, Әділет министрлігі ажырасқан жұбайлар арасында алимент дауы жиі өршитінін айтып дабыл қағуда. Бұл да дағдарыстың бір көрінісі болса керек. Сондықтан ведомство «Мәжбүрлеп орындату туралы» жаңа заң жобасы аясында алименттердің қолданыстағы мөлшерін қайта қарап, өсіруді жоспарлап отыр.

«Қазақстандағы алименттерді өндіріп алудың қолданыстағы жүйесіне сәйкес, борышкер өз табысының немесе жалақысының бір бөлігін төлейді. Атап айтқанда, 1 баласы болса, оған табысының 4-тен 1 бөлігін, 2 балаға – үштен бір бөлігін, 3 және одан көп балаға табысының, жалақысының жартысын беруге тиіс. Бірақ бұл жүйе баланың қажеттіліктерін толық көлемде қамтамасыз етпейді. Оның үстіне, алимент мөлшері оны төлеушінің жалақысының белгілі бір бөлігіне байланысты болғандықтан, бұл оған ақшаны тиісті көлемде беруден жалтару үшін төлемдерді жасанды түрде төмендетуіне мүмкіндік береді. Мысалы, жалақысы туралы құжаттарды бұрмалайды, жұмыс берушімен келісіп, табысы-жалақысының көлеміне қатысты жалған келісімшарттар жасасады», - деп түсіндірді Әділет министрлігі.