Қазақстанда АЭС салу туралы нақты шешім шыққан жоқ

Қазақстанда АЭС салу туралы нақты шешім шыққан жоқ
Сурет: Inform.kz

АЭС салу жобасы халықтың пікірін ескере отырып қана қабылдануы мүмкін.

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атом электр станасын салу жобасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Жуықта ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев қаңтар оқиғалары өз компаниясының Қазақстанмен атом электр стансасын салу жөніндегі әріптестігіне әсер етпейтінін мәлімдеді. Бұл жоба қазір қандай сатыда екенін, АЭС құрылысы бойынша соңғы келісімдер туралы айтыңызшы», - деп сұрады БАҚ өкілі Энергетика министрінен.

«Шын мәнінде бұл оқиғалардың арасында ешқандай байланыстың болуы да мүмкін емес. Екеуі екі түрлі мәселе негізі. Атом стансасын салу - өте нәзік мәселе. Сондықтан «саламыз ба әлде салмаймыз ба» деген сұрақ бойынша әзірге ешқандай шешім жоқ», - деп түсіндірді Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ, ол АЭС салу жобасы халықтың пікірін ескере отырып қана қабылдануы мүмкін екенін баса айтты. «Бұл да қарастырылуы мүмкін. Бірақ тағы да айтайын, бұл өте нәзік мәселе және тыңғылықты зерделеуді қажет етеді. Ол зерттеуге бірінші кезекте қоғамды тарту керек. Әзірге Қазақстанның қандай да бір учаскесінде станция салу жөнінде айқын шешім жоқ», - деді министр.