Қазақстанда әлі күнге дейін коронавирусқа күмәнмен қарайтындар бар екен

Қазақстанда әлі күнге дейін коронавирусқа күмәнмен қарайтындар бар екен
almaty-akshamy.kz

Қазақстанда әлі күнге дейін коронавирустың барына сенбейтін азаматтар бар. Сондай-ақ, олар вакцинаға да сенбейді екен. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Вирусты жеңудің жалғыз жолы вакцина екенін адамдарға толықтай жеткізу мүмкін болмай отыр. Кейбір адамдар медицинаның құдыретін жанына дерт батқанда немесе жақынынан айрылған кезде ғана түсініп жатады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін коронавирусқа сенбейтін қазақстандықтар бар. Вируспен 3-ші жыл күресіп келеміз. Сенбегенімен қоймай, COVID-19-ды сіздер ойлап таптыңыздар ғой деп сұрайтын жандар бар. Бұл жерде фейк ақпараттардың таралуы кері әсерін тигізіп жатыр. Жалған ақпараттарға қатысты күніне бірнеше түсінік беріп, ресми ақпарата сүйену керектігі туралы айтып жатырмыз. Дегенмен келесі күні басқа бір фейк шығып жатады», - деді Ержан Байтанаев "Хабар" телеарнасына берген сұхбаты барысында.

Оның айтуынша, қазір әлемде вакцинаға сұраныс жоғары және оны елге жеткізу мемлекеттік деңгейдегі келіссөз бен бірнеше рет кездесудің нәтижесінде жүзеге асып жатыр.

«Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, тегін вакцинаны алу керек. Оның үстіне біздің вакцинаның бірнеше түрі бар. Яғни адамдарда таңдау бар. Қазақстанға сырттан әкелінетін әр вакцина зертханалық тексеріс пен бақылаудан өтеді. Содан соң екпені ел аумағында ресми тіркеуден өткізеді. Вакцинаға қатысты тағы бір маңызды жайт - Қазақстанда вакцина алып, қайтыс болды деген жағдай тіркелген емес», - дейді ол.