Іс-қимыл жоспары екі кезеңге бөлінді. Біріншісі кезенде Жамбыл, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарында 1,7 текше километр суды жинақтайтын 8 су қоймасын салу жоспарланған. 



«Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 12 су қоймасын салу көзделген. Бұдан басқа, 15 гидротехникалық құрылысты қайта жаңғырту жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде», - деді министр.



Нұржан Нұржігітов судың «қара нарығын» жою жөніндегі шаралар күшейтілетінін атап көрсетті. Соның ішінде су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті заңнамалық деңгейде қатаңдату қарастырылған.



«Су кодексінің жаңа редакциясында Бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылау функцияларынан бөлек қадағалау функциялары да беріледі. Кәсіпкерлік кодекс су ресурстарын басқару органдары жедел ден қою шараларын қабылдай алатын нормалармен толықтырылады. Тәжірибе көрсеткендей, суды өз бетінше пайдалану бөлігінде су заңнамасының бұзылуына жедел ден қою тетіктерінің болмауы, жекелеген су тұтынушылардың белгіленген су алу лимиттерінен асып кетуінен сумен қамтамасыз ету проблемалары туындаған», - деп түсіндірді ведомство басшысы.