Қазақстанда 15 мыңға жуық шетелдік азамат жұмыс істейді

Қазақстанда 15 мыңға жуық шетелдік азамат жұмыс істейді
Сурет: Vademec.ru

Мемлекетте 1 779 жұмыс беруші бар.

Қазақстанға Қытай, Үндістан, Ұлыбритания және Өзбекстаннан келіп жұмыс істейтін азаматтардың саны 14 932 жетіп отыр, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.

«2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 14 932 шетелдік азамат жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруда», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мамандардың айтуына, шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 635 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 206 (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 827 адам және 745 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 408 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде 2 057 адам тартылған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 779 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 458 мыңнан астам Қазақстан азаматтары жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 97%-ын құрайды.

Еңбекші мигранттар шығатын негізгі елдер мыналар: Қытай – 3 738 адам, Түркия – 1 979 адам, Үндістан – 1 228 адам, Ұлыбритания – 1 019 адам, Өзбекстан – 427 адам.

«Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.