Қазақстан жастары белсенді түрде экологиялық жобаларға қатысып келеді

Қазақстан жастары белсенді түрде экологиялық жобаларға қатысып келеді
Сурет: Gov.kz

Жастар таза елді қолдайды.

Қазақстан Үкіметі жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуды көздеп отыр. Осы мақсатта түрлі жобалар іске асырыплып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
 
«ҚР АҚДМ қолдауымен ««Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған түрлі әлеуметтік жобаларды іске асыруда», - делінген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Экологиялық ойлауды дамыту және «жасыл» тәжірибені енгізу туралы жобалар жөнінде «Жас ұлан» төрайымы Динара Сәдуақасова айтып берді.

«Жобаның мақсаты – мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру. Қазіргі таңда экологиялық қағидаларды ұстану трендке, сәнге айналуда. Үш жыл бұрын «экобелсенді» немесе «экологист» сияқты ұғымдарды ешкім қолданған жоқ. Ал қазір адамдар өздерін «экоерікті» немесе «экобелсенді» ретінде мақтанышпен таныстырады. Мәселен, өткен жылы біз экоактивистердің күшімен республиканың барлық өңірлерінде «Естелік бағы», «Таза өзендер, көлдер мен тоғандар», «Таза саябақтар», «Өз ағашыңды отырғыз» акцияларын ұйымдастырдық. Оған 100 мыңнан астам адам қатысты», - деді Динара Сәдуақасова.

Бұдан бөлек, ҚР АҚДМ бастамасымен әкімдіктер, «Жас ұлан» ұйымы, олардың өңірлік филиалдары, эковолонтерлер және жастар белсенділері бірлесіп, Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан облыстарында «Киелі табиғат» республикалық экологиялық айлығы аясында, жалпы саны 80 мыңнан астам адам қатысқан «Таза саябақтар» акциясы жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, экософия қағидаттарына негізделген экологиялық этика мен мәдениетті қалыптастыру бағытында мемлекеттік – қазақ тілінде, және орыс тілінде «Тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау», «Экопикник», «Таңбалау», «Экологиялық өмірдің 6 ережесі», «Компосттау» тақырыптарындағы онлайн-бейнекурстар әзірленді.

Бұған қоса, жоба ұйымдастырушылары «Эко-Асар» экологиялық марафонын да өткізді. Марафонның мақсаты – елдегі ТҚҚ бөлек жинаудың экологиялық мәдениеті деңгейін арттыру, өңірлердегі әлеуметтік бастамаларды қолдау.

Осы орайда, әр аймақта экоағартушылық қозғалыстар құрылып, олардың аясында республиканың түкпір-түкпірінен 1000 астам экобелсенді білім алды. Бұл курстарға арнайы сертификаттары бар экожаттықтырушылар, тәжірибелі экобелсенділер және елдегі экологиялық қозғалыстың көшбасшылары тартылды.