Қазақстан Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесі қайтарылды

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесі қайтарылды
Сурет: Kt.kz

Тоқаев академияның рөлін арттыруды тапсырған болатын.

Үкімет тиісті қаулы қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің сайтына сілтеме жасап.

«Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналады. ҚР Үкіметі тиісті қаулыны қабылдады», - делінген хабарламада.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ қызметіне: әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу; ғылым саласында атаулы сыйлықтар мен стипендиялар алуға конкурстар өткізу; ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу; ғылыми журналдар шығару, халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қатысу; ғылымды танымал етуге қатысу және т.б. кіреді.

ҚР ҰҒА жұмысын қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінген бюджет қаражаты есебінен жүреді.

Биылғы 1 маусымда Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттен қаржы бөліп, мемлекеттік мәртебе бере отырып, академияның рөлін арттыруды тапсырған болатын.