Қазақстан Сирияға гуманитарлық көмек жөнелтті

Қазақстан Сирияға гуманитарлық көмек жөнелтті
Сурет: Inform.kz

Қазақстан Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті.

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Almaty ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетеді. Көмек Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының желісі бойынша Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында берілетін болады», - деді ресми өкіл.

Оның атап өтуінше, осы мақсатқа республикалық бюджеттен 160 млн теңгеден астам сома бөлінеді. Жалпы салмағы 50 тонна азық-түлік, жылы киім, шатырлар мен төсек-орын жабдықтары түріндегі көмек Қазақстан Республикасы арнайы әуе кемелерімен Сирия Араб Республикасының аумағына жеткізілетін болады. Бүгін бірінші ұшақ Алматы қаласынан Сирияға ұшып шықты.

«Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылығы Қазақстанның Ливандағы Елшілігі мен Қазақстанның Сириядағы консулдығының көмегімен Алеппо қаласында Сирияның уәкілетті өкілдеріне гуманитарлық жүкті тапсырады. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы – толыққанды халықаралық ұйым мәртебесімен өзіндік халықаралық құқық субъектілігі бар, Ислам ынтымақтастығы ұйымының мамандандырылған институты. Ол Қазақстан Республикасының бастамасымен 2011 жылы құрылған, штаб-пәтері Астанада орналасқан», - деді Айбек Смадияров.