Қазақстан Президенті ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің мерейтойлық отырысына қатысушыларға үндеу жолдады

Қазақстан Президенті ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің мерейтойлық отырысына қатысушыларға үндеу жолдады
Сурет: Inform.kz

Қазақстан Ассамблеяның көпжақты қызметін толық қолдайды.

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтіп жатқан ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің мерейтойлық отырысына қатысушыларға үндеу жолдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Үндеудің мәтінін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді.

Мемлекет басшысы үндеуде осыдан тура 30 жыл бұрын дәл Алматы қаласында ТМД Парламентаралық Ассамблеясын құру туралы тарихи келісімге қол қойылғанын атап өтті.

Сондай-ақ ел Президенті осы жылдар ішінде бұл бірегей институт Достастық кеңістігіндегі көпжақты ынтымақтастық жүйесінде ерекше рөл атқарғанына назар аударды.

«Ассамблея ұлттық заңнамаларды жетілдіруге және демократия мен азаматтық қоғамды дамытуға елеулі үлес қосып келеді. ТМД аясындағы сайлау процестері бойынша тәжірибені жақсартуға және азаматтарымыздың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге парламентшілердің белсенді қатысуы жоғары бағаға лайық», – делінген үндеуде.

Мемлекет басшысы парламентаралық диалог экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге ықпал ететінін, сондай-ақ қазіргі заманғы сын-қатерлермен күресу және қауіпсіздікті нығайту үшін құқықтық негіз қалыптастыруға үлкен үлес қосатынын айтты.

«Бірлескен заң шығару жұмысы жаһандық күн тәртібі шеңберінде орнықты дамудың, декарбонизацияның және цифрландырудың маңызды жаңа міндеттерін іске асырудың теңгерімді тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Қазақстан Ассамблеяның көпжақты қызметін толық қолдайды. Сондай-ақ ТМД Төрағасы және Парламентаралық Ассамблеяның негізін қалаушылардың бірі ретінде осы бірегей әрі пайдалы институтты жан-жақты нығайтуға қолдау көрсетуге ниетті», – делінген Қазақстан Президенті үндеуінде.

ТМД ПАА Кеңесінің төрағасы, РФ Федералдық жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко Қазақстан Президентіне Ассамблеяға арнаған сөздері үшін алғыс айтты.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы ұзақ жылдар бойы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі ретінде біздің жұмысымызға белсенді қатысып, парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосқанын білесіздер», - деді Валентина Матвиенко.