Қазақстан Парламенті салық жүйесіне қатысты заң қабылдады

Қазақстан Парламенті салық жүйесіне қатысты заң қабылдады
Сурет: Internationalwealth.info

Түзетулердің бір блогы отандық тауар өндірушілерді ынталандыруға бағытталған.

24 қарашада Сенаттың жалпы отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексін қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz cілтеме жасап.

Заңға сәйкес, Конституциялық Соттың құрылуына байланысты Конституциялық сотқа жүгінген кездегі мемлекеттік бажды белгілеу және халықтың әлеуметтік осал топтарын босату ұсынылады.

Сондай-ақ 2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланатын болады.

Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісін өзгерту ұсынылады.

Түзетулердің бір блогы отандық тауар өндірушілерді ынталандыруға бағытталған.

«Балық аулау кәсіпорындары балықты өңдеу кезде қосылған құн салығын 70%-ға азайтуы туралы норма ұсынылады. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіруші қожалықтар қолданады. Қант өндірісін ынталандыру үшін шикі қант импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ қант өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылады», – деп атап өтті заңға қатысты баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Айтуынша, заңның бір нормасы тазартылған алтынды сатуға қатысты. Қазір Ұлттық Банкке мұндай алтынды сату қосылған құн салығынан босатылады. Осы норманы алтынды зергерлерге де сату кезінде қолдану ұсынылады.

Сондай-ақ электр желілерін ірілендіру мәселесі шешіледі. Энергия беруші ұйымның электр желілерін өтеусіз алуы кезінде салық міндеттемелерінің туындауын болдырмау қамтылған.

«Түзетулердің тағы бір блогы көлік жүйесін одан әрі дамыту шараларын көздейді. Теміржол көлігі саласында нөлдік тарифті қолдана отырып, жолаушылар тасымалдаушыларына магистральдық теміржол желісі қызметтерін көрсету кезінде салық салу мәселелерін реттеу көзделген.  Сондай-ақ транзиттік әуе кемелеріне жанармай құю кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесін қолдануды кеңейту ұсынылады. Қазір жеңілдікті тек әуежайлар қолдана алады. Автомобиль тасымалдарын дамыту үшін шығарылған жылы 7 жылдан аспайтын ершікті тартқыштарды бастапқы тіркеу үшін алымнан босату ұсынылады», - деп түсіндірді министр.

Сондай-ақ заң жеке тұлғалардың төлемдеріне қатысты болып отыр.

«Чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалдау құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салықтық тәуекелдер алып тасталады. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді оңайлату, сондай-ақ нақтылау және редакциялық сипаттағы нормалар ұсынылады. Бұл негізгі өзгерістер», - деді ведомство басшысы.