Қазақстан нотариаттық палатасы Халықаралық нотариат одағына мүше болды

Қазақстан нотариаттық палатасы Халықаралық нотариат одағына мүше болды
Сурет: Gov.kz

Бұл - тарихи оқиға.

2 желтоқсанда Канкун қаласында нотариустардың халықаралық Конгресі өтті. Ресми рәсімде Туды көтеріп, Ант қабылдаумен қатар, қазақстандық нотариат Халықаралық нотариат одағының толық құқылы мүшесі атанды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

"Бұл - тарихи оқиға, себебі қазақстандық нотариустардың ХНО-на кіруі ұзақ келіссөздер мен нотариаттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмыстардың арқасында жүзеге асты. Айта кетейік, 2003 жылы Қазақстан халықаралық нотариат одағының құрамына кіруге өтініш берді", - делінген Әділет министрлігінің ресми сайтында.

Қазақстанның бұл ұйымға мүше болуы отандық нотариустарға кәсіби тәжірибе алмасуға, Қазақстанда жасалған нотариаттық әрекеттерді шетелде тануға, сондай-ақ, халықаралық коллегияларға қатысуға мүмкіндік береді. Еліміздің Әділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп, осы саладағы қызмет сапасын халықаралық стандарттарға жеткізу мақсатында көп жылдар бойы ұлттық заңнаманы жетілдіріп келеді.

Халықаралық нотариат одағының мүдделері БҰҰ-да, ЮНЕСКО-да, халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясында, Еуропалық комиссия мен Еуропалық парламентте, Еуропа Кеңесінде және басқа да халықаралық ұйымдарда ұсынылған.

Ресми шараға Әділет министрі Қанат Мусин мен Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Әсел Жанәбілова қатысты.