Қазақстан мен Қытай құны $565 млн коммерциялық келісімшарттарға қол қойды

Қазақстан мен Қытай құны $565 млн коммерциялық келісімшарттарға қол қойды
Сурет: Ашық дереккөз

Стратегиялық салаларда 3 300 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді

ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуйдің Қазақстанға ресми сапары аясында Алматыда өткен Қазақстан мен Қытай шекара ынтымақтастығының 2-ші Достық диалогына қатысушылар екіжақты экономикалық өзара қарым-қатынастарды нығайтуға келісті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан мен Қытай арасында барлық бағыттар бойынша өзара қарым-қатынастар ерекше сипатқа ие.

Мұны екі елдің сауда, инвестициялар, логистика мәселелеріндегі үздіксіз өзара іс-қимылы дәлелдеп отыр.

«Мемлекет басшылары жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға көп көңіл бөледі. Биыл «Бір белдеу – бір жол» бастамасына 10 жыл толады. Осы кезеңде арадағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілді. Ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша оң серпін байқалады. Бүгінде Қазақстанда тау-кен металлургия кешені, өңдеу өнеркәсібі және басқа да стратегиялық салаларда 3 300 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді», — деді Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин форумды аша отырып.

Форумға 150-ден астам қазақстандық кәсіпкер, 20 жетекші Шыңжаң кәсіпкері, Қазақстандағы ірі инвестициялық Қытай кәсіпорындарының 10 өкілі келді.

Форум аясында экономиканың түрлі салаларында, атап айтқанда, құрылыс, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, туризм, инвестициялар және т.б. салаларда қазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер арасында B2B форматында екіжақты келіссөздер өтті.

16 екіжақты құжатқа қол қойылды, оның бесеуі – $565,4 млн-ның коммерциялық құжаты.

Шараны Алматы қаласы әкімдігі және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қолдауымен ҚР Сауда және интеграция министрлігі ұйымдастырды.