Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Сурет: Akorda.kz.

Бұл сапардың мәні ерекше.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Мен Сіздің шақыруыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым. Бұл сапардың мәні ерекше. Осы маңызды сапар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына зор серпін беретіні сөзсіз. Соның арқасында стратегиялық серіктестігіміз де нығая түспек. Қырғызстан – Қазақстанға барлық жағынан ең жақын ел. Оны күмәнсіз айтуға болады. Биыл екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде ынтымақтастық аясы барынша кеңейіп, достығымыз нығая түсті. Біз барлық деңгейде өзара сенімге негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз бар. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрліктері ықпалдаса жұмыс атқаруда. Қазақстан тек Қырғыз елімен осындай тығыз байланыс орнатқанын ерекше атап өткім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Садыр Жапаров өзінің шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстан Президентінің бұл сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті. 

«Біз – ынтымақтастығы жарасқан бауырлас елдерміз. Екі ел арасында, тіпті өңірлеріміздің деңгейінде де ешқандай түсінбестік болған емес. Толықтай достық рухта бірге дамып келеміз», – деді Қырғызстан Президенті. 

Мемлекеттер басшылары бұдан кейін саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар қарастырылды. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға барды. 

Қырғызстан Президенті «Ақ кеме» мәрмәр шатырында Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алды.