Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы тауар айналымы артып келеді

Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы тауар айналымы артып келеді
Сурет: Artemvm.info

Тауар айналымы 51%-ға өсті.

Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының отырысын өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

Шараға Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, Германия, Франция, Испания, Литва, Польша, Бельгия, Швеция, Словакия, Эстония, Хорватия, Нидерланд, Болгария, Чехия, Латвия, Финляндия, Италия, Аустрия, Грекия және Румынияның еліміздегі елшілері, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.

Отырыс басында Премьер-Министр Еуропалық Одақ көп жылдар бойы Қазақстанның негізгі саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

Мәселен, Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың 6 айында $20,1 млрд құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51,2%-ға көп. 1-тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы шетелдік инвестициялардың елге келуі 54%-ға артып, $6,8 млрд құрады. Бұл орайда тау-кен өндіру өнеркәсібіне капитал тарту деңгейі 35,7%-ға өсіп, $3,5 млрд құрады.

«Біз Еуроодақтың Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіне қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Осы саладағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Осыған байланысты Еуропалық Одақ елдерінің геологиялық қызметтерін цифрландыру, геология ғылымын дамыту және салалық инфрақұрылым саласында серіктес болуға шақырамыз», - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр саланы автоматтандыру аясында жер қойнауын пайдалану саласындағы барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерді біріктіру және интеграциялау арқылы Kaznedra бірыңғай платформасы құрылатынын атап өтті. Бұл платформа инвесторларға «бір терезе» режимінде кешенді сервистік қызмет көрсетуге ықпал ететін болады.

Сонымен қатар Үкімет басшысы геологиялық барлау жұмыстарының дәстүрлі түрлерімен қатар, Қазақстанды геофизикалық зерттеулердің озық әдістері қызықтыратынын атап өтті.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Еуроодақ елдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту жөніндегі ниетінің нақты екенін тағы да растағым келеді», - деді Әлихан Смайылов.

Отырыс барысында қатысушылар пайдалы қазбаларды өндіру, жаңа технологияларды қолдану, геологиялық деректерді цифрландыру, инвестициялар тарту, өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талқылады.