Қазақстан мектептерінде 1423 педагог жұмысқа конкурссыз қабылданған

Қазақстан мектептерінде 1423 педагог жұмысқа конкурссыз қабылданған
Сурет: Ser-per.kz

Жұмысқа заңсыз тұрған 17 директор қызметтерінен алынды. 

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауренов осындай мәлімет берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Биыл мониторинг жүргізілген мектептерде жаңа оқу жылына 3855-тен астам педагог жұмысқа қабылданған. Оның ішінде 1423 бос орын бойынша конкурс өткізілмеген.  Түркістан облысында 122 мұғалім, Алматы облысында 250 мұғалім, Жамбыл облысында 169 мұғалім, Шымкент қаласында 134 мұғалім жұмысқа конкурссыз қабылданған. Бұл ретте заңсыздық орын алған Қарағанды, Қостанай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарын да атап кетуге болады», - деді комитет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, педагогтерді конкурссыз жұмысқа қабылдаудың салдары болуы мүмкін.

«Сонымен қатар 944 педагогті жұмысқа қабылдау кезінде конкурсты ұйымдастыру тәртібі бұзылған. Мысалы, хабарландыру уақтылы жарияланбаған, құжаттар толық тапсырылмаған және хаттамалары дұрыс толтырылмаған. Аталған заңсыздықтар бойынша 558 мектеп директорына тәртіптік шара қабылданды және 17 директор жұмыстан босатылды», - деді Ернұр Дауренов.