Қазақстан құрамасы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады

Қазақстан құрамасы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады
Сурет: Lada.kz

Ойын бағдарламасына 50-ге жуық спорт түрі енген.

29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Түркияның Изник қаласында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған Қазақстан құрамасы көкпар, жамбы ату, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату секілді спорт түрлерінен қатысады. Теңге ілу мен аударыспақ спортшылары көрсетілім жасайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.jz Inbusiness.kz сілтеме жасап. 

«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – түркі әлемінің ортақ құндылықтарын әлемге паш етіп, көшпенділер мұрасын насихаттауда үлкен жоба болып келе жатқан спорттық шара» - деді комитет басшысы.

Спикердің айтуынша, ойын бағдарламасына 50-ге жуық спорт түрі енген. Бұл шараға қазақ күресінен тұңғыш рет Қазақстан әйелдер құрамасы сайысқа түседі. 

«Сайыс Түркияның Изник қаласында өтеді. Оған Қазақстан атынан жалпы 80-ге жуық делегат қатысады. Оның ішінде 49 спортшы бар. Бұл спортшылардың 50 пайызы мемлекет бөлген қаржы есебінен, ал қалған 50 пайызы ұйымдастырушы тараптың есебінен барады. Сонымен қатар, біз қазақ күресінен тұңғыш рет әйелдер құрама командасын да алып бара жатырмыз. 3 спортшы әйел болады», - деп атап өтті Самат Ерғалиев.