Қазақстан қор биржасындағы сауда көлемі артты

Қазақстан қор биржасындағы сауда көлемі артты
Сурет: 7kun.kz

Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 25,3% құрады.

Шілде айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 599,2 млн АҚШ доллары сатылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Шілдеде Ұлттық банк валюталық интервенцияларды, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлардың зейнетақы активтері үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату операцияларын жүргізген жоқ.

«Шілденің қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 доллар үшін 477,07 теңгеге дейін көтеріліп, 1,5%-ға өзгерді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 96,4 млн АҚШ долларынан 118,6 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Шілдеде сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,4 млрд АҚШ долларын құрады. Валюта нарығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы қолдау көрсетті. Олар шамамен 543,9 млн АҚШ долларын құрады», - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Ұлттық банктің хабарлауынша, квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сауданы дербес жүзеге асырады.

«Шілдеде Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін шетел валютасын сату 599,2 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 25,3% құрады», - делінген ақпаратта.