Қазақстан-Қытай арасында теміржол жүк тасымалы рекордтық көрсеткішке жетті

Қазақстан-Қытай арасында теміржол жүк тасымалы рекордтық көрсеткішке жетті
Сурет: Estma.ru

23 млн тоннадан астамды құрады. 

Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржолмен жүк тасымалдау 2022 жылы рекордтық көрсеткішке жетіп, 23 млн тоннадан астамды құрады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл сан 2021 жылмен салыстырғанда 15%-ке көп. Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық жөнелтілімдері: темір кені (+17%), түсті кен (+45%), қара металдар (+6%), контейнерлердегі астық жүктері (+70%) және басқа да жүктер (+83%) өнімдерін тасымалдаудың өсуі есебінен 17%-ке ұлғайды.

«Жоғары көрсеткіштерге екі ел теміржолшыларының үйлесімді жұмысы есебінен қол жеткізілді. «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Қытай теміржол әкімшіліктері бірлесіп пойыздарды кедергісіз қабылдау-беруді, өткелдердің қуатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізді. Алматы жүк тасымалдау бөлімшесінің, Достық және Алтынкөл станцияларының теміржолшылары жүктерді қабылдау-тапсыру бойынша жұмысты нақты және уақтылы ұйымдастыра алатындығын көрсетті», - деп жазды ведомстводан.

Қытай бағытында жүктерді тасымалдауға сұраныстың артуын ескере отырып, теміржол инфрақұрылымын жедел дамыту бойынша шаралар қабылдануда.

Отандық өнімді үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету және елдің транзиттік әлеуетін дамыту үшін өткен жылдың қараша айында Достық-Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Жобаны іске асырғаннан кейін учаскенің өткізу қабілеті 5 есеге (жүк пойыздарының 12 жұбынан тәулігіне 60 жұпқа дейін) артады. Қазіргі уақытта Аягөз-Бақты үшінші теміржол шекара өткелін салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.

Осы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасының дамуына серпін береді және елдер арасындағы жүк ағынын арттыруға қызмет етеді.