«Қазақстан халқына» қоры науқас екі балаға 220 млн теңгенің дәрісін алып берді

«Қазақстан халқына» қоры науқас екі балаға 220 млн теңгенің дәрісін алып берді
Сурет: Ашық дереккөз

Қарағанды және Павлодар облыстарының денсаулық сақтау басқармаларына препаратты жеткізу бойынша шарттар жасалды

Сирек кездесетін нейрофиброматоз диагнозы қойылған Қарағанды және Павлодар облыстарындағы екі науқасқа аса қымбат "Селуметиниб" (Коселуго) дәрісі сатып алынды. "Қазақстан халқына" қоры бұл дәрінің 36 қаптамасына 220 млн 644 мың теңге жұмсады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

"Денсаулық сақтау басқармаларынан қажетті құжаттар жиналғаннан кейін, осы өтінімдерді Орфандық аурулар жөніндегі сарапшылық комитеті қарап, оны қор басқармасы бекіткеннен кейін дәріні сатып алу бойынша жұмыстар басталды. Қор дәрі-дәрмек өндірушісі еуропалық AstraZeneca компаниясына жүгінді, олар дәрі-дәрмектің екі жеткізушісін ұсынды", - делінген қордың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жеткізу және қаржыландыру шарттары бойынша бірқатар келіссөздерден кейін, сондай-ақ келісу рәсімдері аяқталғаннан кейін 2023 жылғы 31 наурызға дейін Қарағанды және Павлодар облыстарының денсаулық сақтау басқармаларына препаратты жеткізу бойынша шарттар жасалды. Себебі, орфандық құралдар алдын-ала жіберілген өтінімдер бойынша ғана қатаң түрде шығарылады. Дәрі-дәрмекті жеткізуші белгілі бір көлемді алдын ала сақтап қойған соң, дәрі аймақтарға осы жылдың қаңтар айының ортасында жеткізілді.

"Селуметиниб" дәрісі 1 типті нейрофиброматозы бар 3 жастан асқан балалардағы симптоматикалық, ота жасауға келмейтін плексиформды нейрофибромаларды емдеу үшін монотерапия ретінде қолданылады. Нейрофиброматоз – теріде, жұмсақ тіндерде, жүйке жүйесінде және ішкі ағзаларда қатерсіз ісіктердің пайда болуымен сипатталатын тұқым қуалайтын ауру.

"10 жасар Валерий Демин – "Селуметиниб" инновациялық дәріні алған балалардың бірі. Ол Қарағанды облысы Осакаров ауданы Батпақты ауылында тұрады. Диагноз 3,5 жыл бұрын Валерий бірінші сыныпқа барған кезде анықталды. Валерий таблеткаларды бір ай бұрын қабылдай бастады. Жағдайы жақсарып, толық сауығып шығуына жанұясы үмітті болып отыр. Валерий – өте мейірімді және сезімтал бала, жануарларды жақсы көреді және болашақта ветеринар болғысы келеді", - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры өткен жылдан бастап ауыр және сирек сырқаты бар 131 емделушіге (оның ішінде 100 бала) 15,5 миллиард теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек сатып алды.