Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясы басталды

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясы басталды
Сурет: Assembly.kz

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отыз бірінші сессиясы басталды.

Ассамблеяның бұл жолғы жиыны «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» күн тәртібімен өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғалидің айтуынша, сессия екі күнге жоспарланған болатын.

«Бірінші күні үш секцияда пікірталастар өтеді – «Ұлт келешегі және ҚХА-ны жаңғырту, «Халық бірлігі; білімнің, мәдениеттің және азаматтық қоғам мен бұқаралық медиа институттарының рөлі» және үшінші секцияның тақырыбы: «Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар сессиясы» тақырыптары талқыланады. Екінші күні ҚХА сессиясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтеді», - деді ол.

Бұған дейін жазғанымыздай, кеше орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен ведомство отырысы өтті. Онда ҚР Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына сайлау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылған кандидаттарды тіркеу мәселесі қаралды. Дауыс беру биылғы 28 сәуірге тағайындалған.