Қазақстан Германиядағы туристік жәрмеңкеге қатысып жатыр

Қазақстан Германиядағы туристік жәрмеңкеге қатысып жатыр
Cурет: 24.kz

Берлинде Ай-Ти-Би деп аталатын әлемдегі ең ірі туристік жәрмеңке басталды.

Ауқымды шараға Қазақстан да қатысып жатыр. Отандық туризм компаниясы ұйымдастырған ұлттық стендте, еуропалықтарға, еліміздегі көрікті жерлер мен бағыттар ұсынылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Берлинде әлемдегі ең ірі туристік жәрмеңке ашылды. Бастауын 1966 жылдан алатын бұл шара індет басталғалы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған әлемнің 180 елінен келген туризм индустриясының жетекші өкілдері қатысып жатыр. Арасында қазақстандық қатысушылар да бар. Келушілер назарына киіз үй жиһаздары мен бұйымдары, қымыздан жасалған балмұздақ секілді тағамдар ұсынылған.

«Германия тұрғындары үшін, жалпы Еуроодақ елдері үшін визасыз режим қолданылады. Германиядан Қазақстанның бірнеше қаласына тікелей рейстер ашылған. Жалпы біз еуропалық жиһанкездер үшін - Орталық Азиядағы туристік бағыттың бірі саналамыз. Қазақстан шетелдіктерге өте қызық. Әсіресе ұлттық саябақ жағынан. Өйткені біздің елде 14 ұлттық саябақ бар», - дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ жылыту департаментінің директоры Шырын Мусина.

Берлинге ел атынан 20-ға жуық туристік компания барған. Бәрінің мақсаты бір – іскерлік байланыс орнатып, шетелдік туристерді көптеп Қазақстанға тарту. Жалпы немістер саяхатты жаны сүйетін халық саналады. Жиһан кезуге қомақты қаржы жұмсауға әрдайым дайын. Статистикаға сүйенсек, 2021 жылдың қарашасы мен 2022 жылдың қазан айы аралығында олар туристік жолдамаға 25 миллиард еуро жұмсаған. Осы ретте сарапшылар Қазақстанның еуропалық туристерді өзіне тартуға әлеуеті зор дейді. 

«Қазақстанда бірнеше рет болдым. Алматы мен Астана қалаларын жақсы білем. Менің ойымша, мұндай шараларға қатысып, өз мүмкіндіктеріңізді көрсету өте маңызды. Сіздердің ел қыста тау-шаңғы шипажайларына баруға, жазда хайкингпен айналысуға болатындығымен тартымды. Бірақ бұл ретте Үндістан мен Қытай туристерін ұмытпаған абзал. Өйткені олар сіздерге жақынырақ. Қазақстан әрдайым әлемдегі ең абыройлы туристік жәрмеңкелерге қатысып келеді», - туризм саласындағы сарапшы Вольфганг Майерхофер.

Алдағы уақытта өз еліміздің әлеуетін еуропаның басқа да қалаларында сонымен қатар Дубай мен Гонконгта көрсету жоспарда бар.