Қазақстан Елшісі Әзірбайжан Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Әзірбайжан Президентіне сенім грамоталарын тапсырды
Сурет: Министрлік

Әзірбайжан Президенті көлік-логистика саласының екіжақты ынтымақтастықтағы негізгі бағыттардың бірі екеніне назар аударды

Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанның Әзірбайжандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Әлім Байелдің сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қазақстандық дипломат бауырлас Әзірбайжан Республикасында елінің атынан қызмет атқару өзі үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. Ә. Байел Қазақстан мен Әзірбайжан мемлекет басшыларының тапсырмалары шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету бойынша жұмыс істейтінін айтты.

Сұхбат барысында Әзірбайжан Президенті И. Әлиев екі ел арасындағы ынтымақтастық деңгейінің қарқынына көңілінің толып отырғанын айта келе, өзінің Қазақстанға жасаған сапары мен Қазақстан Президентінің Әзірбайжанға жасаған сапарының ықпалдастықтың кеңеюіне үлкен серпін бергенін атап өтті. Әзірбайжан басшысы өзі мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы сенімге негізделген қарым-қатынастың қазақ-әзірбайжан бауырластық байланыстарын одан әрі нығайтудың кепілі екендігін тілге тиек етті.

Әзірбайжан Президенті көлік-логистика саласының екіжақты ынтымақтастықтағы негізгі бағыттардың бірі екеніне назар аударды. Президент И. Әлиев бүгінде жүзеге асырылып жатқан бірлескен инфрақұрылымдық жобалар жүк тасымалы көлемін кеңейтуге жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті. И. Әлиев сондай-ақ қазақ мұнайының Әзірбайжан арқылы жуырда басталған тасымалының өте маңызды қадам болғанын тілге тиек етті. Президент Әлиев Елшінің қызметіне табыс тіледі.

Өз кезегінде Ә. Байел Әзірбайжан Президентін және халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, биыл 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып жатқан Гейдар Әлиевті құрметпен еске алды.

Дипломат сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ елдерімізбен қатар, бүкіл өңір үшін үлкен геоэкономикалық маңызы бар жобаларды жүзеге асырудың екіжақты ынтымақтастықтағы басымдық екендігімен келісті. Аталған жобалардың қатарында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, Каспий теңізінің түбімен фибер-оптикалық байланыс желісін тарту, қазақ мұнайының экспортын әртараптандыру бар.

Кездесуде сондай-ақ Қазақстан мен Әзірбайжанның халықаралық аренада, оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жемісті ынтымақтастық жүргізіп отырғаны аталып өтті. Биыл Қазақстанда өтетін ТМҰ-ның 10-шы мерейтойлық саммитіне дайындық барысы талқыланды.